Сейсенова Алмагүл Дәулетқазықызы 1971 жылдың шілде айының 1де Алматы қаласында дүниеге келген. Тұрмыс құрған, екі ұл баласы бар. 1978 жылы Семей қаласындағы № 5 қазақ орта мектебінің 1 – сыныбына барып, 1988 жылы аталған мектепті Алтын медальмен тәмамдады. 1988 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі «Ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті» бойынша оқуға түсіп, 1993 жылы үздік бітіреді. Еңбек жолын Қазақ Мемлекеттік Сәулет-Құрылыс Академиясының қазақ тілі кафедрасының ассистенті ретінде бастады (1993–1995жж.). 1995-1998 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының жанында аспирантураның күндізгі бөлімінде оқыды. 1998 жылы «Лингвистикалық мәдениеттану: этикет формаларына салыстырмалы талдау» атты тақырыпта қазақ тілінде кандидаттық диссертация қорғады. 1998 жылы Алматы қаласындағы «Әділет» Жоғары Құқық мектебінің лингвистика кафедрасының аға оқытушысы, доценті (1998 ж. желтоқсан айынан бастап) болып қызметін жалғастырды. «Мемлекеттік тілде іс жүргізу», «Заңгерлік іс жүргізу», «Заңгерлерге арналған қазақ тілі» атты арнайы курстардың бағдарламаларының авторы ретінде оларды сынақтан өткізіп, студент-заңгерлерге арналған қазақ тілін оқытуға арналған CD-бағдарламаның авторларының бірі болып, заңгерлік мамандық бойынша аспиранттар, ізденушілер мен магистранттардың қазақ тілінен кандидаттық минимум тапсыруына арналған бағдарламаны дайындап жасады. Сейсенова Алмагүл Дәулетқазықызы Халықаралық Бизнес Университетінің жанындағы Жазғы Тіл мектебінің академиялық деканы (2002 жылдың сәуір – тамыз айлары) болып қызмет етті. Бұл қызметі барысында шетел азаматтарына қазақ және орыс тілдерін меңгертіп, бағдарламалық тұрғыдан қамтамасыз етті және бұл үдерісті басшы ретінде ұйымдастырды. 2004 жылы Юриспруденция Академиясы – «Әділет» Жоғары құқық мектебіне оқуға түсіп, оны 2006 жылы Юриспруденция мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Заңтану саласы бойынша (әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, құқық қорғау, халықаралық, зияткерлік құқық, еңбек құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру т.с.с.) ресми материалдар мен құжаттарды қазақ тілінен орыс тіліне және орыс тілінен қазақ тіліне жетік түрде аударып, басылымға ұсынды. 2007 жылы Түзеу педагогикасының Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жанындағы Арнайы педагогика бойынша ғылыми-зерттеу институтына қызметке ауысты. 2008 жылдың қаңтар айында аталмыш мекеменің Арнайы педагогика бойынша ғылыми-зерттеу институтында «Қазақ тілінде оқитын мүмкіндіктері шектеулі балаларға арнайы білім беру» зертханасын ашып, жұмысын ұйымдастырды. Жоғарыда ресми атауы көрсетілген зертхананың меңгерушісі ретінде Алмагүл Дәулетқазықызы арнайы білім беру үдерісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету және мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік тұрғыдан қоғамға кіріктіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының ғылыми жетекшісі болып табылады. Сейсенова А.Д. қазақ тілі мен этноелтану, салыстырмалы тіл білімі мен қазақ тілінің ұлттық-мәдени ерекшеліктері, тіл мен мәдениеттің өзара әсері мен байланысы, мүмкіндіктері шектеулі балаларды құқықтық қорғау және әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселелері бойынша 80-нен астам ғылыми зерттеулердің, оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сейсенова А.Д. әртүрлі жастағы балаларға арнап өлеңдер мен әңгімелер шығарумен әуестеніп, Социалистік Еңбек Ері, педагогика ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз Рафиқа Бекенқызы Нұртазинамен шығармашылық ынтымақтастықта болып, нәтижесінде мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы қазақ және орыс тілді балаларға арналған танымдық, сөйлеу тілін дамыту және тіл меңгерту мақсатындағы кітаптар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жазып, басылымнан шығарды. Сол еңбектердің біреуі және бірегейі «Мен оқимын, ойлаймын, ойнаймын!» кітабы үшін Тәуелсіз Платиналы Тарлан сыйлығының лауреаты атанды. Сейсенова А.Д. Ашық Қоғам және Сорос-Қазақстан Қорларының «Құқық және денсаулық» атауы бар бірлескен жобасының «Денсаулық сақтау саласындағы адам құқықтары» атты практикалық нұсқаулықтың қазақ тіліндегі нұсқасының ғылыми кеңесшісі. Әлеуметтік қызметкерлер, мүгедектер мен еріктілердің қауымдастығының («ӘҚМЕҚ» ҚБ-і) заңгер-кеңесшісі, «Әлеуметтік жұмыс – әлеуметтік қызмет» журналының редакциялық алқасының мүшесі. Сейсенова Алмагүл Дәулетқазықызы халықаралық бағдарламалар бойынша жасалған жобалардың авторы ретінде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар дайындаған Ережелер, Стандарттар мен ресми құжаттардың сараптамашысы әрі кеңесшісі болып қызмет атқарады. Қоғамымызда қазіргі кезде өзекті мәселелер бойынша ұйымдастырылып, өткізілетін телебағдарламалар мен телешоулардың сарапшысы ретінде түрлі арналарға жиі шақырылады, қоғамдық жұмыспен белсенді түрде айналысады.
01 января 2001 г., 12:00


EMAIL
ipo_ekrgcnto@mail.ru


Контактный телефон
8 (7232) 75-33-33


адрес
Республика Казахстан, Восточно-Казахстанская область,
г. Усть-Каменогорск, пр. Абая, 21