Мектептердің оқиғалары Кейін

Январь 05

«Сыр сұхбат» - Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевпен

    Мектеп оқушыларының қысқы  демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатымен 2017 жылдың 4 қаңтарында «Сыр сұхбат» жобасы аясында Өскемен қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы гимназия-интернатында белгілі қазақ математигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан-Британ Техникалық университетінің оқытушысы, ерекше болмысымен баурап аларлық қабілеті бар ғажайып тұлға, Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевпен кездесу өтті.

    Бұл кездесу - «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асырудағы маңыздылығы жоғары іс-шара болды.

  Кездесуге физика-математика бағытындағы Республикалық пән олимпиадасының ІІ кезеңіне жолдама алған облыстың үздік оқушылары қатысты.

  Болашақ ғалымдар әлемдік деңгейдегі математика ғылымының майталманымен жүзбе-жүз кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды, өз ісінің білгірі, математика саласының кәсіби маманынан ақыл-кеңестер алды.

    Кездесу барысында Асқар Серқұлұлы оқушыларға өзінің өмірлік ұстанымы, балалық шақтағы армандары, математик болуды таңдауы мен қалыптасуына ықпал еткен адамдар туралы айтып, ерекше мақтан етерлік жетістігі туралы әңгімеледі.

    Асқар Серқұлұлының студенттік шағы және шет елдерде табысты еңбек еткен жылдары туралы әңгімелері кездесуге қатысқан оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

    Дарынды оқушылар үшін өмірлік дұрыс бағдар алуға қазақтан шыққан дарын иесі Асқар Серқұлұлының өмірі мен шығармашылығы зор үлгі болды.

    Оқушылар ғалыммен кездесуде шетел тілінде де пікір алмасты. Асқар Серқұлұлы оқушылардың ағылшын тілінде қойған сұрақтарына ағылшын тілінде жауап беріп, математика ғылымы мен математик үшін тілдің кедергісі жоқ дегенді аңғартты. Оқушылар ғалымның «сұлулық» және «еркін, тәуелсіз адам» туралы ұғымдарды мысалдармен түсіндіргенін зор қызығушылықпен тыңдады.

  «Бәрің бірдей жеңімпаз бола алмассың, дегенмен де олимпиадаға қатысу арқылы әркім өз мақсатына жету үшін алға қадам жасайды» - бұл ғалымның  оқушыларға жол сілтеуі болды.

  Кейіпкердің жылы жүзі, ашықтығы мен жақсылыққа бағыттар белсенділігі оқушылар жүрегінде, сана-сезімінде айтарлықтай әсер қалдырды.