Шәкәрім мен Ахмет жолы «Рухани жаңғыру» тұсында қайта жаңғырды

Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте Шәкәрімнің 160 жылдығы, Ахмет Байтұрсыновтың 145 жылдығы, Амангелді Имановтың 145 және Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына арналған студенттік ғылыми жобалардың конкурсы өтті.

Конкурстың мақсаты «Тарих» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге Шәкәрім мен Ахметтің рухани болмысын түсіндіріп, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресін насихаттау мақсатында өткізілді.

"Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әлі де күшейтеміз деген болатын, осыған орай облыстық әкімшіліктің қолдауымен осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі уақытта түрлі кітаптар жазылып жатыр, елдің өз туған жеріне, тарихына деген қызығушылғы басым. Ал біз тарихты тереңінен оқытатын педагог мамандар тәрбиелеуіміз керек" - дейді тарих кафедрасының меңгерушісі Майра Ибраемова.

Студенттердің жоғарыда аталған тақырыптар бойынша жазған ғылыми жобаларын бағалауға ғалым-профессорлар атап айтқанда Қымбат Байсарина, Бақыт Атантаева, Мұхтарбек Кәрімов, Амантай Исин сынды белгілі азаматтар қатысты. Жұмыс екі секциялық бағытта жүрді. Біріншісінде университет атын алып отырған Шәкәрімнің рухани мұрасы және Ахмет Байтұрсыновтың ілімдері зерттелді. Екінші секцияда Алаш қозғалысының тарихы қарастырылды.

Қорытындысында Шәкәрім мен Ахмет Байтұрсынов мұралары бойынша бірінші орынды Мөлдір Заманбекова алса, екіншіге Диана Жолдина, Әсем Ерболат шықты. Ал Еламан Омарғалиев үшінші орынға көтерілді.

Ал, Алаш қозғалысының тарихы бағытында Әйгерім Нұржанова, Динара Қайраттар «Рухани жаңғыру: Туған жер бағдарламасы – қасиетті жерлерді зерттеудің негізгі кепілі» тақырыбын қорғап, бірінші орын алды. «Қазақ зиялыларының қоғамдағы қызметі» дегенді тереңінен зерттеген Келтай Өмірбеков екінші орынды иеленсе, «Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» мәселесін зерттеген Бауыржан Юлдашев үшінші орынға шықты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ұлттың езгіге түскен шағынан тыртық болып қалған құлдық санадан арылтуды, қоғамның ой-санасын толық тәуелсіз етуді көздейтін бастама. Әрбіріміздің жүрегімізді қан жылататын 1937-1938 жылғы қуғын, сүргін, жалпы шамасы он жылға жуықтайтын аштық кезеңі ұлттың еңсесін түсіріп, рухын бәсеңдетті. Сол жылдары білім алған, көңіл көкжиегі кең әрі азаматтық парызын өтеуге жанын пида еткен азаматтар ұлттың сауатын ашып, рухын көтеру үшін қараңғыға күн шуағын төккендей ерен еңбек етті. Ондай асыл азаматтардың алдыңғы қатарында Ахмет Байтұрсынов та, Шәкәрім Құдайбердиев те бар.

Өздерінің шығармалары арқылы күллі халықтың, тұтас ұлттың болашағы үшін қызмет қылған есіл ерлер бір оқтық болып кете барды. «Алаш қозғалысының» басында болған Ахмет Байтұрсынов саяси мәселелерде де, оқу-ағарту ісінді де суырылып алға шыққан ұлтшыл азамат. Ал Шәкәрім қарғыс атқан қоғамнан безіп, Париж сапарынан келгеннен кейін жайлауында жүріп жатқан кезінде қаскөйлердің оғына ұшады. Шығармашылықпен ғана айналысқан абызды «ұлтшыл, ел арасына бүлік салушы» ретінде көрсетіп, атуға шешім қабылдапты-мыс. Ең өкініштісі, ақын, ағартушы қарттың мүрдесін де топырақпен жаппай, құдыққа толығымен тастап жүре берген.

Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мария» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 жылы «Түрік, қырғыз,қазақ һәм хандар шежіресі», 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Енлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» тағы басқа атақты шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді.

Ахмет Байтұрсынұлы да халқы үшін әдебиеттік құралдар мен тіл емлесінің алғашқы болып негізін қалады.

Міне, қос арыстың Алашорда астасы Семейде «Рухани жаңғыру» аясында ұлықталуы – ұрпақтың баба қызметін бағалай білгендігінің куәсі.

15 мамыр 2018 г., 12:00


EMAIL
ipo_ekrgcnto@mail.ru


Контактный телефон
8 (7232) 75-33-33


адрес
Республика Казахстан, Восточно-Казахстанская область,
г. Усть-Каменогорск, пр. Абая, 21